Атырау облысында 27 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады

Атырау облысында бүгінде 27 308 мүгедектігі бар азамат тіркелген. Оларға әлеуметтік қолдау мен оңалту қызметтері бірнеше бағытта көрсетіліп жатыр, деп хабарлайды AtyrauPress.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, биыл 3 478 адам Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы қажетті қызмет алған. Сонымен қатар 795 адам арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарында көмекпен қамтылған.

Қазіргі таңда облыста мүгедектігі бар азаматтарға төрт арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы мен облыстық мүгедектерді сауықтыру орталығы арқылы қолдау көрсетіледі.

Облыстық мүгедектерді сауықтыру орталығының басшысы Ғалия Бижанованың айтуынша, орталықта І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтар жолдама арқылы қабылданады.

— Біздің орталықта сумен емдеу, физиотерапия, массаж және емдік дене шынықтыру сияқты 6 бағыт бойынша оңалту қызметі көрсетіледі. Орталық 55 орынға арналған: 35-і стационарлық, 20-сы күндізгі бөлім. Қызмет алушылар 10 күн бойы ем қабылдайды. Жыл сайын шамамен 1100 адамға оңалту қызметін көрсетеміз, — деді ол.

Сонымен қатар қозғалысы шектеулі азаматтарға арналған 145 инватакси қызметі жұмыс істейді. Жыл басынан бері 153 адамға 306 тасымал ұйымдастырылған.

Мамандардың айтуынша, өңірде мүгедектігі бар азаматтарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бөлімінің басшысы Құралай Тлеумағамбетованың айтуынша, «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында облыста 1,8 мыңнан астам әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысанын бейімдеу жоспарланған.

— Былтыр INVAGOV порталында жоспарланған 444 нысан толық енгізілді, — деді ол.

Қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында №1–4 әлеуметтік орталықтар мен облыстық мүгедектерді сауықтыру орталығында 335 бейнебақылау камерасы орнатылып, олар Ішкі істер органдарының жедел басқару жүйесіне қосылған.