Атырау облысының Жангелдин ауылында хабар-ошарсыз кеткен бір отбасыға қатысты қылмыс ашылды. Бұл туралы Polisia.kz порталына сілтеме жасап AtyrauPress хабарлайды.
2025 жылдың желтоқсан айында полицияға 66 жастағы ер адам, 64 жастағы әйел және олардың балалары – 32 жастағы ұлы мен 35 жастағы қызының жоғалғаны туралы хабарлама түскен. Туыстарының айтуынша, отбасы қараша айынан бері байланысқа шықпаған.
Осыған байланысты төртеуі де хабар-ошарсыз кеткен адамдар ретінде іздеуге жарияланып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Іс бойынша жедел-тергеу тобы құрылды.
ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетовтің айтуынша, өткен жылдың желтоқсан айының соңында Атырау қаласының тұрғыны полицияға хабарласып, ағасы мен оның отбасы ұзақ уақыт бойы байланысқа шықпай жүргенін айтқан.
Жүргізілген жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде өлтірілген адамдардың мәйіттері әртүрлі жерлерден көмілген күйде табылған.
2026 жылдың 6 қаңтарында тергеу әрекеттері барысында үйдің шаруашылық құрылысының ішінен отбасының әкесі мен анасының мәйіттері анықталған. Осыдан кейін іс адам өлтіру дерегі бойынша қайта сараланып, балаларды іздестіру жалғастырылды.
Қылмыс жасады деген күдікпен 29 жастағы ер адам – осы отбасының бұрынғы күйеу баласы халықаралық іздеуге жарияланды. Сонымен бірге ерлі-зайыптылардың кіші қызы да халықаралық іздеуге берілген. Бұған дейін ол күдіктімен некеде тұрған.
ІІМ мәліметінше, қазақстандық полицейлер Индонезия Республикасындағы әріптестерімен бірлесіп, күдіктіні аталған елдің аралдарының бірінде ұстаған.
– Қазіргі уақытта ол Қазақстанға депортацияланып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деді ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.
Күдікті ұсталғаннан кейін кінәсін мойындаған. Оның көрсетуімен жүргізілген қосымша тергеу барысында Атыраудағы үй ауласын тексеру кезінде бұған дейін хабар-ошарсыз кеткен ұл мен қыздың мәйіттері табылған.
Алдын ала мәлімет бойынша, қылмысқа ұзақ уақытқа созылған тұрмыстық жанжалдар себеп болған.
Қазіргі уақытта іс екі және одан да көп адамды өлтіру бабы бойынша тергеліп жатыр. Тергеу ҚР Ішкі істер министрлігінің бақылауында.
Сонымен қатар отбасының кіші қызының бұл іске қатыстылығы да тексерілуде. Оның психикалық жағдайын анықтау үшін сот-психиатриялық сараптама тағайындалған.