Атырау облысында полиция қызметіне қабылдау және ІІМ оқу орындарына түсу үдерісі толық цифрлық форматта жүзеге асырылуда. Бұл туралы Атырау облысы Полиция департаменті жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқармасы бастығының орынбасары Гүлім Аманжолова мәлімдеді, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Қазір Ішкі істер министрлігінің «Qyzmet-Police.kz» платформасы арқылы адамдар полиция қызметіне онлайн өтініш бере алады. Жүйе еліміздің барлық өңіріндегі бос лауазымдарды біріктіреді. Үміткер өзіне ыңғайлы қала мен қызмет түрін таңдап, құжаттарын электронды түрде жүктейді. Іріктеудің барлық кезеңі цифрлық форматта өтеді.
Сонымен қатар қазіргі уақытта ҚР ІІМ оқу орындарына құжат қабылдау жалғасуда. Атап айтқанда,
ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы,
ҚР ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясы,
ҚР ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты.
Биыл платформа арқылы 130 үміткер оқуға өтініш беріп, оның 41-і алғашқы даярлық курстарына қабылданды.
Полиция подполковнигі оқуға түсуге ниетті азаматтар Атырау облысы Полиция департаментінің жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқармасына келіп, өтініш жаза алатынын жеткізді.
Сонымен қатар полиция қызметіне 18–35 жас аралығындағы, денсаулығы жарамды, орта немесе жоғары білімі бар азаматтар қабылданады. Офицерлік құрамға - тестілеуден өткендер, ал сержанттық құрамға әскери қызмет өткерген азаматтар алынады. Үміткерлер алдымен қабылдау комиссиясынан өтеді, кейін тағылымдамадан өтіп, оқу орындарына жіберіледі.
– Бүгінде қызметке қабылдау мен оқуға түсу тәртібі ашық әрі қолжетімді. Негізгі мақсат - полиция қатарына білімді, жауапты жастарды тарту, – деді Г.Аманжолова.
Полиция қызметкерлеріне тұрақты жалақы, тегін медициналық көмек, тұрғын үйді жалға алғаны үшін өтемақы, 45 күндік ақылы еңбек демалысы және өзге де әлеуметтік кепілдіктер қарастырылған.