Өткен жылдың қорытындысы бойынша Атырау облысында қатерлі ісікке шалдығу көрсеткіші артқан, деп хабарлайды AtyrauPress.Бұл туралы облыстық онкология диспансерінің директоры Эльмира Сапарова мәлім етті. Оның айтуынша, өңірде қатерлі ісікке шалдығу көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 176,6 жағдайды құраған. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 160,3 болған. Яғни бір жыл ішінде ауру деңгейі 10,2 пайызға өскен.— Қазіргі таңда облыста қатерлі ісік диагнозымен 44 388 адам диспансерлік есепте тұр. Оның ішінде 24 бала бар. Өткен жылы өңірде 1259 жаңа қатерлі ісік жағдайы анықталды, — деді ол. Маманның айтуынша, өңірде өкпе, асқазан және сүт безі қатерлі ісігі жиі кездеседі. Әсіресе өкпе, өңеш және асқазан обырына шалдыққан науқастар арасында өлім көрсеткіші жоғары. Сонымен қатар онкологиялық аурулардың 60,4 пайызы бірінші және екінші сатысында анықталып отыр. Бұл дертті ерте диагностикалау жұмыстарының нәтижесі екенін көрсетеді. — Скринингтік тексерулер қатерлі ісікті ерте анықтауға мүмкіндік береді. Өкінішке қарай, кей тұрғындар медициналық тексерулерге немқұрайлы қарайды. Ауруды асқындырмай, дер кезінде тексеруден өту өте маңызды, — деді Эльмира Сапарова. Оның айтуынша, өңірде онкологиялық көмекті жақсарту бағытында жаңа жобалар қолға алынуда. Атап айтқанда, болашақта жаңа онкологиялық аурухана мен радиологиялық корпус салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ диспансер 150 заманауи функционалды төсекпен жабдықталған. Айта кетейік, елімізде онкологиялық аурулардың алдын алу және ерте анықтау мақсатында скринингтік бағдарлама 2008 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ.
Денсаулық
Атырау облысында онкологиялық дертке қарсы күрес жүйелі түрде жүргізіліп келеді, деп хабарлайды AtyrauPress.Бұл туралы облыстық онкология диспансерінің директоры, облыстық мәслихат депутаты Эльмира Сапарова айтты. Оның сөзінше, өңірде онкологиялық көмек көрсету үшін 16 арнайы кабинет жұмыс істейді. Оның жетеуі аудандарда, тоғызы Атырау қаласында орналасқан. — Облыстық онкология диспансері – өңірдегі жетекші мамандандырылған медициналық ұйым. Мұнда тұрғындарға стационарлық, амбулаторлық және кеңес беру қызметі көрсетіледі. Тәулік бойы жұмыс істейтін 110 төсек-орындық стационар және 29 орындық күндізгі стационар бар, — деді ол. Айта кетейік, диспансерде маммография, ультрадыбыстық, эндоскопиялық, цитологиялық және гистологиялық зерттеулер жүргізіледі. Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ.
Қазақстанда медицина қызметкерлеріне қойылатын кәсіби талаптар жаңартылуы мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігі осыған байланысты бұйрық жобасын ұсынды, деп хабарлайды AtyrauPress.Құжат қабылданса, денсаулық сақтау саласындағы кәсіби стандарттар қайта қаралып, кеңейтіледі. Жаңа нұсқада медицина және оған қатысты қызметтің 62 бағытын қамтитын жаңартылған тізім бекітілмек. Оның ішінде терапия, хирургия, педиатрия, акушерия және гинекология, кардиология, онкология сияқты негізгі мамандықтармен қатар зертханалық қызмет, оңалту, мейіргер ісі және қоғамдық денсаулық сақтау салалары бар. Сонымен қатар алты жаңа кәсіби стандарт енгізіледі. Олар: денсаулық сақтаудағы менеджмент, фармацевтикалық өндіріс технологиясы, қоғамдық денсаулық сақтау, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет, стоматологиялық қызмет және денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік қызметкер бағыттары. Ал «Радиациялық онкология» кәсіби стандарты жаңартылған нұсқада қайта бекітіледі. Министрліктің мәліметінше, бұл өзгерістер медицина қызметінің сапасын арттыруға және мамандарға қойылатын талаптарды біріздендіруге бағытталған. Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ
Өткен жылы облыстық балалалар стоматологиясында 92 500-ден астам бала тегін көмек алды,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Атырау облысында қызылша ауруының алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылып отыр, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Жалпыұлттық әлеуметтік бастамаларды қолдау аясында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ақпан айын – өтеусіз қан донорлығы айы деп жариялады,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Былтыр Атырау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне 1300-ден астам арыз-шағым түскен. Арыз-шағымдардың басым бөлігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, экология және қоғамдық тамақтану салаларына қатысты болған. Бұл туралы облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Искакова мәлім етті, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Атырау қаласында әлеуметтік көмек көрсету қағидаларына өзгерістер енгізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды AtyrauPress.
Балаларға арналған дәрі-дәрмектерді жалған тіркеудің ондаған мың фактісі анықталды, деп хабарлайды AtyrauPress. Қаржы министрлігі ұсынған деректерге сәйкес, балаларға арналған дәрілік заттарды жүйелі түрде жалған есептен шығарудың 68 717 жағдайы тіркелген. Мәселен, Жетісу облысында екі балаға димексид препараты 126 мың рет жазылған. Яғни әр балаға шамамен 63 мың реттен дәрі тағайындалған болып шыққан. Ал Астанадағы балалар ауруханасында бір тәулікке жетпейтін уақытта жатқан пациенттерге 88 мың бірлік дәрі-дәрмек есептен шығарылған 179 жағдай анықталған. Айта кетейік, Үкімет бұл фактілерді медициналық қаржыландыру жүйесін түбегейлі қайта қарауға негіз болатынын мәлімдеді. Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ.
Ер адамдарға жатыр мойны обырына скрининг жасаған: медицинадағы ақылға сыймас деректер белгілі болды
Қазақстанда МӘМС аясында пациенттің жынысына сәйкес келмейтін жүздеген мың медициналық қызмет көрсетілген, деп хабарлайды AtyrauPress.Қаржы министрлігі жүргізген аудит нәтижесінде 1,8 млрд теңгеге 769 446 жалған скрининг тіркелгені анықталды. Оның ішінде 768 827 ер адам әйелдерге арналған жатыр мойны обырына тексеруден өткен деп көрсетілген.Сонымен қатар 619 ер адамға маммография жасалғаны жөнінде мәліметтер тіркелген. Мұндай деректердің бір аудандық аурухананың өзінде 11 мыңнан астамы анықталған.Мамандар бұл жағдай медициналық ақпараттық жүйелердің әлсіздігін және бақылаудың жеткіліксіздігін көрсететінін айтады. Айта кетейік, Үкімет бұл олқылықтарды жою үшін МӘМС жүйесіне қатаң бақылау орнатуды жоспарлап отыр. Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ.
Үкімет жеке медицина ұйымдарды қаржыландыру кезінде жүйелі заңбұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды AtyrauPress.Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметіне жүргізілген Қаржы министрлігінің талдауы барысында белгілі болды. Талдау нәтижесін Қаржы министрі Мәди Такиев Үкімет отырысында баяндап, бюджет шығындарының өсуіне қарамастан, қор жұмысының тиімділігі артпағанын айтты. 2026 жылы МӘМС пен медицинаға бөлінетін қаржы 2,4 трлн теңгеге жетпек. Алайда қаражаттың едәуір бөлігі медициналық қызметке емес, қор активтерінде жинақталып отырғаны анықталған. Сонымен қатар IT-аудит барысында жалған пациенттерді тіркеу, қайтыс болған адамдарға қызмет көрсету, бір қызметті екі рет қаржыландыру сияқты өрескел фактілер әшкереленді. Айта кетейік, Премьер-министр Олжас Бектенов ӘМСҚ-ны Қаржы министрлігінің басқаруына беру жөнінде тапсырма берді. Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ.
Елімізде биылдан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіруге бағытталған өзгерістер басталды. Әсіресе, әлеуметтік осал топтағы азаматтарды сақтандырумен қамту мәселесіне басымдық берілуде. Осы жаңашылдықтар жайында AtyrauPress тілшісі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Атырау облысы бойынша филиалының директоры Әсел Нұғмановамен сұхбаттасқан еді. - Әсел Жалғасқызы, бүгінде Атырау облысында МӘМС жүйесіне халықтың қамтылу деңгейі қандай? - Қазіргі таңда Атырау облысында 630 550 адам, яғни халықтың 89,3 пайызы МӘМС жүйесінде сақтандырылған. Оның ішінде 440 мыңға жуық тұрғын жеңілдік санатына жатады, олардың сақтандыру жарнасын мемлекет төлеп отыр. Бұл - әлеуметтік саясаттың нақты нәтижесі. - Сақтандырылмаған азаматтар да бар екені белгілі. Бұл мәселе қалай шешіледі?- Иә, өкінішке қарай, өңірде 89 684 адам МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр. Соның ішінде 14 мыңнан астамы әлеуметтік осал D және E санатындағы азаматтар. Қабылданып жатқан реформалар дәл осы топты қолдауға бағытталған. - Жаңа өзгерістердің басты ерекшелігі неде - Ең маңызды жаңалық - 2026 жылдан бастап D және E санатындағы азаматтар медициналық көмекке жүгінсе, олардың МӘМС жарнасын жергілікті атқарушы органдар төлейтін болады. Яғни, адам алдымен медициналық көмек алады, ал сақтандыру жарнасы кейін бюджет есебінен өтеледі. Бұл - халық үшін ең қолайлы әрі әділ механизм. - Бұл тетік нақты қалай жұмыс істейді? -Мысалмен айтсақ, Атырау облысында цифрлық отбасылық карта деректері бойынша 24 952 адам осы санатқа кіреді. Айталық, қаңтар айында олардың 2000-ы медициналық көмекке жүгінді делік. Онда ақпан айынан бастап жыл соңына дейін сол 2000 адам үшін жергілікті бюджеттен МӘМС жарнасы төленеді. Бұл тәсіл медициналық көмекті кешіктірмей алуға мүмкіндік береді. - МӘМС жүйесінде медициналық қызмет сапасын бақылау қалай өзгерді?- Қазір Қор жұмысы толық цифрландырылды. «Saqtandyrý» жүйесі негізінде жасанды интеллектке сүйенген мониторинг енгізілді.Бұл жүйе медициналық қызмет көрсету барысында кеткен кемшіліктерді автоматты түрде анықтайды, адам факторын азайтады және шешім қабылдауда ашықтықты қамтамасыз етеді. - Медициналық ұйымдар үшін бұл жүйе қаншалықты әділ? - Жаңа модельде экстерриториялық қағида бар. Яғни, бір өңірдегі медициналық ұйымға қатысты мәселені басқа облыстың тәуелсіз сарапшылары қарайды. Сонымен қатар, үш деңгейлі апелляция жүйесі енгізілген. Медициналық ұйымдар өз уәжін дәлелдеп, қарсылық білдіре алады. - Атырау облысында МӘМС жүйесінде қанша медициналық ұйым қызмет көрсетеді? - 2025 жылы өңірде 79 медициналық ұйыммен келісімшарт жасалды. Оның 34-і – мемлекеттік, 45-і – жекеменшік клиника. Бұл тұрғындарға емдеу мекемесін таңдауға мүмкіндік беріп, қызмет сапасы бойынша бәсекелестікті арттырды. Біз үшін басты өлшем – ұйымның меншік нысаны емес, көрсетілетін қызметтің сапасы.- Соңында тұрғындарға айтар басты кеңесіңіз? - Әр азамат өзінің МӘМС жүйесіндегі мәртебесін тексеріп отырғаны жөн. Егер сұрақтар туындаса, Қордың өңірлік филиалдары әрдайым кеңес беруге дайын. Жүйедегі өзгерістердің барлығы - халықтың денсаулығын қорғауға бағытталған. Сұхбаттасқан - Серікібол ПАНАБЕРДИЕВ.
