Атыраулық дәрігерлер сирек жағдайға тап болды...

Атырау облыстық балалар ауруханасында дәрігерлер ішінің ауыруы мен тәбетінің жоғалуына шағымданған мектеп оқушысына сирек кездесетін ота жасады. Тексеру барысында баланың асқазанынан шаштан тұратын ірі түзіліс – трихобезоар анықталды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі. 

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, ауруханаға мектеп жасындағы қыз бала ішінің ауыруы, тәбетінің төмендеуі және әлсіздікке шағымданып жеткізілген. Ата-анасының айтуынша, соңғы бірнеше айда бала жиі іші ауыратынын айтып, бұрынғыға қарағанда аз тамақтанып, тез шаршай бастаған.

Алғашқы тексеру кезінде дәрігерлер баланың ішінің жоғарғы бөлігінде тығыз түйін бар екенін байқаған. Нақты себебін анықтау үшін қосымша тексерулер жүргізілді. Соның нәтижесінде баланың асқазанында үлкен тығыз түзіліс бар екені анықталды. Мамандар бұл түзілістің трихобезоар екенін анықтады. Трихобезоар – асқазанда пайда болатын тығыз масса. Шаш асқазан сөлінде ерімейтіндіктен, уақыт өте келе жиналып, біртіндеп үлкен түйінге айналады.

Баланың жағдайын ескере отырып, дәрігерлер хирургиялық ем жүргізу туралы шешім қабылдады. Ота барысында асқазаннан шаштан тұратын тығыз түзіліс алынып тасталды. Операция сәтті өтті. Қазіргі уақытта баланың жағдайы жақсы, тәбеті қайта қалпына келген. Дәрігерлердің айтуынша, мұндай жағдайлар сирек кездеседі, бірақ уақытында анықталып, емделсе, толық сауығып кетуге мүмкіндік бар. 

Мамандар ата-аналарға балалардың мінез-құлқындағы өзгерістерге назар аударуды және егер бала шашын жұлу немесе шашты аузына салу сияқты әдеттер байқалса, маманға жүгінуді ұсынады. Бұл жағдай дәрігерлердің кәсібилігі мен дер кезінде көрсетілген медициналық көмектің арқасында сәтті аяқталды.

Амандық АБДОЛ