Құрманғазыда аэрация жұмыстары жүргізілуде

Қаңтар айынан бастап Құрманғазы ауданында балықтың тұншығу қаупі бар су айдындарында аэрация жұмыстары қолға алынды. Іс-шара балық инспекциясының бастамасымен қолға алынып, оған «Каспий таңы», «Каспий балық», «Сәрсебаев», «Амангелді», «Тәлекші» шаруашылықтары мен жергілікті атқарушы органдар жұмылдырылды, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Аэрация – судағы оттегінің мөлшерін арттыруға бағытталған алдын алу шарасы. Қыс мезгілінде су беті мұзбен жабылып, ауа алмасу қиындайды. Соның салдарынан балықтың тұншығу қаупі артады.

Осы қауіптікліктің алдын алу жұмыстары Бөкейхан, Қиғаш, Көптоғай, Бірлік, Теңіз, Шортанбай, Кудряшов, Сафон, Жанаталап және Құрманғазы ауылдық округтерінде жүргізілді. Жалпы 206 адам тартылды.

Құрманғазы балық инспекциясы бөлімінің басшысы Бақыт Есбергеновтің айтуынша, қаңтар-ақпан айларында 636 үкі ойылып, аумағы кең 124 ойық жасалған. Қауіпсіздік шаралары сақталып, арнайы белгілер орнатылды. Үкілердің қатып қалмауы және ауа айналымын қамтамасыз ету үшін 359 бума қамыс салынды.

Оның сөзінше, биыл қыс суық болғандықтан жұмыстар күшейтілген тәртіпте жүргізілуде. Мұздың қалыңдығы 10 сантиметрге жеткен. Бұл балықтар үшін қауіпті кезең саналады. Сондықтан мұз арнайы құралдардың көмегімен тұрақты түрде ойылып, суға ауа жіберу жұмыстары тоқтаусыз атқарылып жатыр.