Былтыр 1 шілде мен осы жылдың 1 шілде аралығында Атырау Жарық АҚ екі инвестициялық және тарифті инвестицияға айырбастау бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Бағдарлама аясында Атырау қаласы мен Мақат ауданында физикалық тұрғыда тозған 6–10 кВ желілерінің 79,527 шақырымы жаңартылуда. 110/35/10 кВ төмендеткіш қосалқы станциялар модернизацияланып, 0,4–6–10 кВ желілері кезең-кезеңімен жаңартылуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
Қызылқоғадағы Миялы ауылында 35/10 кВ қосалқы станциясында сыртқы орнатылатын кешенді тарату құрылғысы (КРУН-10 кВ ), 10 кВ вакуумды ажыратқыштар, ток трансформаторлары мен РҚА панельдері жаңартылды. Атырау қаласындағы 110/10 кВ қосалқы станциясында да СКТҚ-10 кВ (46 ұяшық), Блок модульдік ғимарат-10 кВ вакуумды ажыратқыштары, ток трансформаторлары мен РҚА панельдері модернизацияланды.
«Атырау Жарық» АҚ директорының күрделі құрылыс жөніндегі орынбасары Бағытжан Әліповтың айтуынша, Атырау қаласында үш қосалқы станция және 2 КТП нысаны жаңартылып, жабдықтары ауыстырылуда. Нәтижесінде өткізгіштік қуаты күшейтіліп, тіректер мен СИП сымдары жаңасына ауыстырылуда.
⁃ Индер және Жылыой аудандарында да КТП нысандары мен әуе желілері жаңартылып жатыр. Желілердің сенімділігін арттыру мақсатында барлығы 16 дана қашықтан басқарылатын вакуумдық реклоузер орнатылады. Бұл құрылғылар зақымдалған учаскелерді жедел оқшаулап, электрмен жабдықтау үзілістерін екі есеге дейін қысқартуға мүмкіндік береді, - деді Б. Әліпов.
Сонымен қатар Атырау қаласы, Жылыой және Индер ауданындағы бірқатар трансформаторлық қосалқы станцияларда техникалық модернизация жүргізіліп, ескі бекеттердің орнына жаңа үлгідегі толық трансформаторлық бекеттер орнатылды. Нәтижесінде трансформатор қуаты 60% артты.