Атырауда Наурызнама онкүндігі аясында ұлттық дәстүрге негізделген іс-шаралар өтпек

Атырау қаласында Наурызнама онкүндігі аясында 14–23 наурыз аралығында бірқатар мәдени-танымдық, қайырымдылық және ұлттық дәстүрге негізделген іс-шаралар өткізіледі.

 14 наурыз – Көрісу күніне орай қаладағы сауда-ойын-сауық орталықтарында ұлттық өнерді насихаттайтын концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, тұрғындардың бір-бірімен көрісу дәстүрін жаңғыртуға арналған шаралар өтеді. Сондай-ақ қарттар үйлерінде ардагерлер мен қарияларға арналған концерттер қойылып, білім беру мекемелерінде «Көрісу – татулықтың бастауы» тақырыбында танымдық тәрбие сағаттары өткізіледі. Бұдан бөлек, мереке күндері қаладағы сауда орындарында «Наурыз – базарлық» маусымдық жәрмеңкелері ұйымдастырылып, тұрғындарға жеңілдіктер ұсынылады.

15 наурыз – Қайырымдылық күні аясында «Игі істер» марафоны өткізіліп, әлеуметтік жағынан аз қамтылған және мұқтаж отбасыларға көмек көрсету шаралары жүзеге асырылады. Осы күні облыстық қан орталығында қан тапсыру акциясы ұйымдастырылады.

16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні аясында ұлттық нақыштағы суреттер көрмесі ұйымдастырылып, қолөнер бұйымдары мен ұлттық киімдердің көрмесі көпшілік назарына ұсынылады. Ұлттық мәдени мұраны дәріптейтін концерттік бағдарламалар өтеді.

17 наурыз – Шаңырақ күніне орай «Отбасы құндылықтары – ұлт тірегі» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылып, қоғамдағы отбасы институтының маңызы кеңінен талқыланады. Сонымен қатар көпбалалы аналарды «Алтын алқа», «Күміс алқа» наградаларымен марапаттау рәсімі өткізіледі. Жас отбасыларға арналған салтанатты неке қию рәсімдері де осы күннің бағдарламасына енгізілген.

18 наурыз – Ұлттық киім күні аясында тұрғындар мен жастардың қатысуымен ұлттық киімдер шеруі ұйымдастырылады.

19 наурыз – Жаңару күніне орай қала аумағында абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі. Тұрғындар, жастар және еріктілердің қатысуымен сенбіліктер өткізіліп, ағаш көшеттері отырғызылады. Қоғамдық орындар мен саябақтарда тазалық акциялары ұйымдастырылып, экологиялық мәдениетті насихаттауға бағытталған шаралар жүзеге асырылады.

20 наурыз – Ұлттық спорт күні аясында ұлттық ойындарды насихаттайтын спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Қала тұрғындары арасында асық ату, тоғызқұмалақ, арқан тарту, қазақ күресі сияқты дәстүрлі ойындардан жарыстар өткізіледі. 

21 наурыз – Ынтымақ күніне орай қалада мәдени-көпшілік шарасы өтеді.

22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы кең көлемде атап өтіледі. Қала алаңдарында киіз үйлер тігіліп, ұлттық тағамдар ұсынылады, қолөнер көрмелері мен этноауылдар ұйымдастырылады. Концерттік бағдарламалар, театрландырылған қойылымдар, ұлттық ойындар мен түрлі мерекелік сайыстар өткізіледі.

23 наурыз – Тазару күні аясында қоршаған ортаны қорғау және табиғатты аялау бағытындағы акциялар ұйымдастырылады. Қала аумағында тазалық жұмыстары жүргізіліп, тұрғындардың қатысуымен қоғамдық орындарды ретке келтіру шаралары өткізіледі. Бұл күн Наурыз мерекесінің қорытындысы ретінде қоғамда тазалық мәдениетін қалыптастыруға бағытталады.

Мерекелік онкүндік аясындағы барлық іс-шаралар халықтың бірлігі мен татулығын нығайтып, ұлттық салт-дәстүрді кеңінен насихаттауға бағытталған.