Өз ауыл-аймағына күйшілігімен танымал Индер ауданы Елтай ауылдық округінің тұрғыны Сүйінғали Сыдиқов жақында кәсіби мамандардың да оң бағасын алды, деп хабарлайды AtyrauPress сайтының тілшісі.
Жастайынан еңбекке ерте араласып, механизатор ретінде еліне сыйлы болған Сүйінғали Сыдиқов – ауыл, аудан көлеміндегі өнер сайыстарына қатысып жүрген әуесқой өнерпаз. Ол талай мәрте оркестрмен бірге де, жекелей де өнер көрсетіп, ел ықыласына бөленген жан.
Өзге шығармалармен қатар, Сүйінғали Сыдиқов өз туындыларымен де танылып келеді. Жуырда оның шығармалары кәсіби мамандар тарапынан жоғары бағасын алды.
Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің музыка кафедрасының ұстаздары оң пікір білдірсе, республикаға белгілі өнер иесі Қуаныш Қипиев Сүйінғали Сыдиқовтың «Сағыныш» атты күйін нотаға түсіріп берді. Айта кету керек, бұл күй автордың өмірден озған жалғыз ұлына арналған.
Ал «Ақ Жайық дабылы» күйі осыдан екі жыл бұрын орын алған су тасқынына арналып, өз көрерменін тапқан шығармалардың қатарына енді.
Қ. Төлепов