“Ұлт мұрасының Ата заңмен қорғалуы - зор мәртебе” дейді дәстүрлі әнші

Жаңа Конституция жобасы қоғамда түрлі сала өкілдерінің пікірін туғызып отыр. Осы орайда Қамысқала ауылдық мәдениет үйінің директоры, дәстүрлі әнші Талғат Сатыбаев ұлттық мұра мен рухани құндылықтардың маңызы туралы тілшімізбен ой бөлісті.

– Талғат мырза, жаңа Конституция жобасы қоғамда кеңінен талқыланып жатыр. Сіздіңше, бұл құжаттың маңызы неде?

– Конституция – мемлекеттің негізгі заңы. Сондықтан оның әрбір бабы елдің болашағына тікелей әсер етеді. Қандай мемлекет боламыз, қандай құндылықтарды ұстанамыз – соның бәрі осы Ата заңда көрініс табады. Сондықтан мұндай маңызды құжаттың заман талабына сай жаңарып отыруы – заңды құбылыс деп ойлаймын.

– Сіз өнер адамы ретінде ұлттық құндылықтардың заң деңгейінде көрініс табуына қалай қарайсыз?

– Әр халықтың рухани тірегі – оның тілі, дәстүрі, өнері. Қазақ халқының да ғасырлар бойы қалыптасқан мол мәдени мұрасы бар. Дәстүрлі ән, жыр, күй – мұның бәрі халқымыздың тарихы мен болмысын сақтап тұрған құндылықтар. Сондықтан ұлттық мұраны сақтау мәселесінің Ата заң деңгейінде айтылуы – өте маңызды.

– Ұлттық өнерді сақтау мен дамытуда мәдениет үйлерінің рөлі қандай?
– Ауыл – ұлттық өнердің алтын бесігі. Біздің Қамысқаладағы мәдениет үйінде де жастарды дәстүрлі өнерге баулу бағытында түрлі шаралар ұйымдастырып келеміз. Дәстүрлі ән, жыр, терме секілді өнер түрлерін жастарға үйрету – үлкен міндет. Өйткені ұлттық өнер ұмытылса, рухани байланыс үзіледі.

– Жастардың ұлттық өнерге қызығушылығы қандай деңгейде?

– Қызығушылық бар. Кейде жастарға дұрыс бағыт беру ғана жетіспей жатады. Егер біз оларға ұлттық өнердің қадірін түсіндіріп, мүмкіндік жасасақ, олар да бұл мұраны жалғастырады. Себебі қазақтың өнері – өте терең, тағылымы мол өнер.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан - Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ