Бейбітшілік пен келісім – қоғам тұрақтылығының негізі

Қазіргі жаһандық геосаяси ахуал күрделеніп, әлемдік тәртіп түбегейлі өзгерістерге ұшырап отырған кезеңде Қазақстанның бейбітсүйгіш бағытын Конституциялық деңгейде айқындау бастамасын аса маңызды әрі стратегиялық шешім деп есептеймін.

Бүгінгі таңда әлемде сенім дағдарысы, аймақтық қақтығыстар мен саяси текетірестер жиілеп отыр. Осындай жағдайда мемлекеттердің тұрақты дамуы мен қауіпсіздігі олардың ұстанған сыртқы саяси бағытының айқындығы мен құқықтық негізінің беріктігіне тікелей байланысты. Қазақстан тәуелсіздік алған күннен бастап бейбітшілік, келісім және өзара құрмет қағидаттарын басшылыққа алып келеді. Ядролық қарудан саналы түрде бас тарту, халықаралық қауіпсіздік бастамаларын қолдау, түрлі келіссөздер алаңын ұсыну – еліміздің бейбітсүйгіш саясатының нақты дәлелі.

Ендігі қадам – осы тарихи таңдауды Конституциялық деңгейде бекіту. Бұл тек декларативті мәлімдеме емес, мемлекеттің ұзақмерзімді даму философиясын айқындайтын құқықтық тұғырнама. Конституция преамбуласында бейбітшілік пен халықаралық құқық қағидаттарының нақты көрініс табуы Қазақстанның әлемдік қауымдастық алдындағы жауапкершілігін күшейтеді. Біз кез келген даулы мәселені тек бейбіт жолмен, келіссөздер мен құқықтық тетіктер арқылы шешетінімізді айқын көрсетеміз.

Сонымен қатар, бұл бастама еліміздің «Middle Power» ретіндегі орнын нығайта түседі деп сенемін. Қазақстан бүгінде тек өңірлік деңгейде ғана емес, жаһандық саясатта да салмақты пікір білдіре алатын мемлекетке айналды. Теңгерімді әрі сындарлы дипломатия біздің басты артықшылығымызға айналды. Конституциялық деңгейде бекітілген бейбітсүйгіш ұстаным еліміздің халықаралық беделін арттырып, инвестициялық тартымдылығына да оң ықпал етеді.

Ішкі саясат тұрғысынан алғанда да бұл шешімнің маңызы зор. Бейбітшілік пен келісім – қоғам тұрақтылығының негізі. Конституцияда бекітілген құндылықтар азаматтардың бірлігі мен өзара сенімін нығайтады. Әсіресе, жас ұрпақ үшін бұл – мемлекет дамуының айқын бағытын көрсететін маңызды бағдар. Жастар ел болашағына сеніммен қарап, өз мүмкіндіктерін туған елінің өркендеуіне бағыттай алады.

Мемлекеттік қызметкер ретінде мен Конституциялық өзгерістерді еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін, ұлттық мүддені қорғауға бағытталған және халықаралық беделімізді арттыратын маңызды құқықтық қадам деп санаймын. Бұл – Қазақстанның бейбітшілік пен әділдікке негізделген даму жолын таңдағанын айқындайтын тарихи шешім.

Альфия Байғанинқызы,

мемлекеттік қызметкер

Атырау қаласы