Конституциялық өзгеріс – әділетті қоғам құруға бастайтын қадам

Өз басым, Конституцияға енгізіліп жатқан өзгерістерді еліміздің болашағына бағытталған маңызды әрі жауапты қадам деп есептеймін. Өйткені, Ата Заң – мемлекеттің негізгі тірегі, қоғамның дамуын айқындайтын басты құжат.  

Менің ойымша, ұсынылып отырған өзгерістердің ең маңызды тұстарының бірі – билік тармақтарының арасындағы тепе-теңдікті нығайту және Парламент пен өкілді органдардың рөлін күшейту. Бұл өз кезегінде мемлекеттік шешімдердің ашық әрі жан-жақты талқылау арқылы қабылдануына жол ашады. Мұндай жүйе қоғамдағы сенімді арттырып, ел дамуына оң ықпал етеді.

Сонымен қатар азаматтардың мемлекет басқару ісіне қатысу мүмкіндігінің кеңеюі де өте маңызды. Қоғамдық бақылау тетіктерінің дамуы, жергілікті өзін-өзі басқарудың күшеюі – халықтың пікірін ескеретін, жауапкершілігі жоғары мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл – шын мәнінде әділетті қоғам құруға бастайтын қадам.

Конституциялық өзгерістерде адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселесіне ерекше мән беріліп отырғанын да атап өткен жөн. Әрбір азаматтың құқығы қорғалған, заң үстемдігі орныққан мемлекет қана тұрақты дамуға қол жеткізе алады. Сондықтан бұл бағыттағы бастамаларды мен толық қолдаймын.

Бүгінгі таңда елімізде жүргізіліп жатқан саяси жаңғыру мен реформалардың барлығы халықтың әл-ауқатын арттыруға, әділетті әрі тиімді мемлекет қалыптастыруға бағытталған. Біз, аға буын өкілдері, елдің болашағына бейжай қарамаймыз. Сондықтан қоғамдағы әрбір маңызды бастамаға жауапкершілікпен қарап, ел бірлігі мен тұрақтылығын сақтауға үлес қосуымыз керек деп санаймын.

Жалпы алғанда, Конституциядағы өзгерістер еліміздің одан әрі дамуына, мемлекеттік институттардың нығаюына және қоғамдағы әділеттілік қағидаттарының орнығуына ықпал етеді деп сенемін. 

Мәдениет Қажетерұлы,  

Қызылқоға ауданының тұрғыны, «Құрмет» орденінің иегері