Сапалы білім - тұрақты қоғамның негізі

Қазіргі жаһандану дәуірінде білім беру саласы қоғам дамуының басты қозғаушы күшіне айналды.

Білім-елдің интеллектуалдық әлеуетін арттырып, экономикалық өсімді қамтамасыз ететін негізгі факторлардың бірі. Осы орайда Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының төртінші бағыты – «Сапалы білім» әлемдік қауымдастық үшін маңызды басымдық ретінде белгіленген. Төртінші тұрақты даму мақсаты-барлық адамдарға сапалы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге, өмір бойы білім алуды қолдауға және адами капиталды дамытуға бағытталған.Сапалы білім- тұрақты қоғам қалыптастырудың негізгі алғышарты. Білімді ұрпақ қана елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, инновациялық идеялар мен жаңа технологияларды енгізуге қабілетті болады. Сондықтан білім беру жүйесін жетілдіру, заманауи талаптарға сай мамандар даярлау және жастардың білімге деген қызығушылығын арттыру кез-келген мемлекеттің стратегиялық міндеті.

     Қазақстанда білім беру саласы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Елімізде білім сапасын арттыру, оқу бағдарламаларын жаңарту, цифрландыруды енгізу және халықаралық стандарттарға сәйкестендіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. «Білімді ұлт», «Цифрлық Қазақстан» сияқты бағдарламалар білім беру жүйесінің тиімділігін арттыруға және жастардың бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге бағытталған.Сапалы білім тек мектеп қабырғасымен шектелмейді. Жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтар қоғамның интеллектуалдық әлеуетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Осы тұрғыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының бірі ретінде білім мен ғылымды дамытуға елеулі үлес қосып келеді. Университет халықаралық деңгейдегі білім беру стандарттарын енгізіп, студенттерге сапалы білім мен кәсіби дағдыларды меңгеруге мүмкіндік жасауда.Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультеті- ұлттық руханият пен білімнің алтын бесігі саналатын маңызды білім ордасы. Филология факультеті тек кәсіби кадрлар дайындап қана қоймай, ұлттық мәдениетті, тілді және әдебиетті сақтау мен дамытуға үлес қосып келеді. Бүгінгі таңда факультет студенттері заманауи білім мен ұлттық құндылықтарды ұштастыра отырып, қоғамның рухани дамуына қызмет етуде.Филология факультетінде студенттердің шығармашылық қабілетін дамытуға ерекше назар аударылады. Ғылыми жобалар, әдеби кештер, пікірталастар мен конференциялар арқылы білім алушылардың ой-өрісі кеңейіп, зерттеу дағдылары қалыптасады. Сонымен қатар факультет оқытушылары білім беру процесіне инновациялық әдістерді енгізіп, студенттердің сыни ойлау қабілетін арттыруға ықпал етуде.

Сапалы білім беру аясында инклюзивті білім беру де маңызды бағыттардың бірі. Барлық азаматтарға, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға сапалы білімге қолжетімділік қамтамасыз ету әлеуметтік әділетті қоғам қалыптастырудың негізі. Елімізде инклюзивті білім беруді дамыту, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жақсарту және педагогтердің біліктілігін арттыру бағытында жүйелі шаралар қабылдануда.Білім беру саласындағы цифрландыру да сапалы білімге қолжетімділікті арттырудың маңызды құралына айналды. Онлайн платформалар, қашықтықтан оқыту жүйелері және цифрлық білім беру ресурстары студенттер мен оқушыларға жаңа мүмкіндіктер ашуда. Жастардың сапалы білім алуы – ел болашағының кепілі. Білімді, бәсекеге қабілетті және жауапкершілігі жоғары ұрпақ қана қоғамды алға жетелей алады. Сондықтан жастардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысуы, халықаралық бағдарламаларға тартылуы және кәсіби дағдыларын дамытуы маңызды. Жоғары оқу орындары студенттерге тек теориялық білім беріп қана қоймай, тәжірибелік дағдыларды меңгеруге де мүмкіндік жасауы тиіс.Қорытындылай келе, 4 Тұрақты даму мақсаты сапалы білім беру арқылы қоғамның тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған. Білімді ұрпақ – елдің басты байлығы. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультеті сияқты білім ордалары сапалы білім беріп, ұлттық руханиятты сақтауға және дамытуға үлес қосуда. Білім мен ғылымға негізделген қоғам ғана тұрақты даму жолында табысты бола алады. Сондықтан сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету-жарқын болашақтың негізі.

Мейрамкүл Тлеулинова, 

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, филология факультеті, Шетел тілдері кафедрасы

PhD, ассистент - профессор