Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында Қазақстан Республикасының ӘҚБтКнің 389-бабының 1-бөлігі бойынша құқық бұзушы Д.-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды (жабайы жануарлар мен өсімдіктердің түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз иемдену, өткізу, алып өту, әкелу, әкету, сақтау (ұстау), деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Сот баспасөз қызметінен білгеніміздей, азаматша Д. өзінің тұрғылықты мекен-жайында үй жағдайында салмағы 30 кг, ұзындығы 3-3,5 метр питон жыланын CITES талаптарына сәйкес рұқсат құжатсыз ұстағаны анықталған.
Д.-ның әкімшілік құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, сауал қою хаттамасымен, фотосуретпен толық дәлелденді.
ӘҚБтК-нің 389-бабының 2-бөлігінің санкциясында жабайы жануарлар мен өсімдіктердің түрлері және олардың өнімдері тәркілене отырып, жеке тұлғаларға – 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салу түріндегі әкімшілік жауаптылық көзделген.
Сот қаулысымен Д. әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған әкімшілік жаза ретінде 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынып, жасалған құқық бұзушылықтың сипаты, жеке басы ескеріле отырып, айыппұл сомасы 30%, яғни 30 275 теңгеге қысқартылды.
Питон жыланы мемлекет кірісіне тәркіленді. Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Фото: ru.freepik.com