Атырауда мүгедектігі бар жастар сән көрсетті

Атырауда «Ерекше ана – ерекшем 16+» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен мүгедектігі бар жастардың шығармашылық әлеуетін арттыруға бағытталған «Ерекше Fashion» жобасы аясында қолөнер тренингі мен сән көрсетілімі өтті, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жобаның басты мақсаты — ерекше жастардың қоғамдағы белсенділігін арттыру, шығармашылық қабілеттерін дамыту және инклюзивті мәдениетті қалыптастыру. Сән әлемі арқылы олардың мүмкіндіктерін көрсету бастаманың негізгі идеясына айналды.
Іс-шара барысында 20 қатысушы «Мадам Айсу» сән үйінің этно стильде әзірлеген дизайнерлік киім үлгілерін таныстырды. Жинақтарда қазақы өрнектер мен заманауи пішім үйлесім тауып, қатысушылардың ерекшеліктеріне лайық ыңғайлы шешімдер қолданылды.
 
Көрсетілімнің қорытынды кезеңінде жастар бұған дейін өткен «Креатив Lab» қолөнер тренингінде өз қолдарымен безендірген жейделерін киіп шықты. Бұл олардың тек сән көрсетуші емес, шығармашыл тұлға ретінде де қалыптасып келе жатқанын көрсетті.