Атырау облысы Жылыой ауданы Шоқпартоғай ауылында дүниеге келген Сағадат Елубай бүгінде ел қауіпсіздігі жолында қызмет атқарып жүр, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Ол Алматы облысы Алатау қаласында орналасқан Қорғаныс министрлігінің №53975 әскери бөлімінде әскери-тасымалдау бағытындағы С-295М ұшағын басқарады.
Жас маман 2020 жылы Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институтына оқуға түсіп, 2024 жылы оқу орнын сәтті тәмамдаған. Қазіргі таңда лейтенант шеніндегі ұшқыш әуе тапсырмалары мен оқу-жаттығуларға қатысып, кәсіби тәжірибесін шыңдап келеді. Әріптестері оның жауапкершілігі мен тәртібін жоғары бағалайды.
Анасы Дидар Амалбайқызының айтуынша, Сағадаттың әскери ұшқыш болу арманы бала күнінен қалыптасқан. Екінші сыныпта жазған шығармасында-ақ «елім үшін қызмет ететін ұшқыш боламын» деп армандаған. Бүгінде сол бала арман шындыққа айналды.
Алдағы мақсаты — ата-анасының үмітін ақтап, ел сеніміне адал қызмет ету. Сағадат секілді жас офицерлер өңір жастарына үлгі болып, ел қорғанысын нығайтуға үлес қосып келеді.
