Исатайда «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» аудандық коалиция мүшелері «Атырау Жарық» мекемесінің ұжымымен жүздесті.
Басқосу барысында алдағы республикалық референдум аясында ұсынылып отырған өзгерістер жан-жақты талқыланып, олардың мәні мен маңызы кеңінен түсіндірілді.
Коалиция өкілдері референдумның ел дамуы үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтіп, ұсынылатын конституциялық түзетулердің негізгі бағыттарына тоқталды. Әсіресе, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту, әділетті қоғам қалыптастыру тетіктері туралы нақты ақпарат берілді. Сонымен қатар, референдумның өткізілу тәртібі, дауыс беру үдерісі және азаматтардың белсенділігінің маңыздылығы жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Кездесу еркін форматта өтіп, мекеме қызметкерлері өз пікірлерін ашық білдіруге мүмкіндік алды. Олар ұсынылып отырған өзгерістердің әлеуметтік-экономикалық салаға, соның ішінде энергетика жүйесіне ықпалы туралы сауалдар қойып, өз ұсыныстарын ортаға салды. Коалиция мүшелері қойылған әр сұраққа жан-жақты жауап беріп, саяси науқанның ашықтығы мен жариялылығы басты назарда екенін жеткізді.
Мұндай жүздесулердің басты мақсаты – әрбір азаматтың референдум туралы толық әрі нақты ақпарат алып, саналы әрі жауапты таңдау жасауына жағдай жасау. Ашық диалог алаңдары қоғамдағы өзара түсіністікті арттырып, ортақ мақсат жолында бірлесе әрекет етуге негіз қалайды.
