Астанада ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумы өтті. Мемлекет басшысы жиында мәслихаттардың мемлекеттік басқару жүйесіндегі рөлі артып келе жатқанын атап өтті, деп хабарлайды AtyrauPress.
Форум барысында Президент елде жүргізіліп жатқан реформалардың басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру және тиімді мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыру екенін айтты. Сондай-ақ мәслихаттардың әлеуетін күшейту мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болып қала беретінін жеткізді.
Бұл форумға қатысқан Атырау облыстық мәслихатының әлеуметтік және мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Нұрлыбек Даралиев жиынның маңызына тоқталды.
- Форумда Мемлекет басшысы мәслихаттардың қоғамдағы рөліне ерекше тоқталды. Президент жергілікті өкілді органдардың аймақтардың дамуына нақты үлес қосуы тиіс екенін атап өтті. Мәслихат депутаттары халық пен билік арасындағы сенімді көпір болып, өңірлердегі өзекті мәселелерді шешуге белсенді араласуы қажет. Бұл бізге үлкен жауапкершілік жүктейді, - деді Нұрлыбек Даралиев.
Оның айтуынша, Президент мәслихаттардың алдында тұрған бірнеше негізгі міндетті атап өткен. Атап айтқанда, жергілікті бюджеттерді тиімді жоспарлау, табыс көздерін арттыру және әрбір қаржының халық игілігіне жұмсалуын қамтамасыз ету маңызды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы мемлекеттік басқаруда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізудің маңыздылығына да тоқталған.
- Бүгінгі таңда депутаттардың кәсіби біліктілігін арттыру, цифрлық құзыреттерін дамыту – уақыт талабы. Форум барысында осы бағыттағы бастамалар кеңінен талқыланды. Мұндай кездесулер депутаттардың тәжірибе алмасуына және өңірлердегі жұмысты тиімді ұйымдастыруға үлкен мүмкіндік береді, - деді депутат.
Айта кетейік, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының республикалық форумы жергілікті өкілді органдардың рөлін күшейту және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуын талқылау мақсатында өткізіледі.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ.