Жалпыұлттық коалиция өкілдері жаңа Конституцияның құқықтық нормалары туралы түсіндіру бағытында Сүйіндік ауылында кездесу ұйымдастырды. Кедесуге коалиция мүшелері Думан Меңдешов, Қайырбек Ерекенов, Индира Ахметова қатысты.
Ашық еркін пікір алмасу форматта өткен жиында жаңа Конституция қабылдаудың қоғамдық-саяси және тарихи маңызы айтылып, Ата заң жобасының негізгі ережелері мен жаңашыл нормалары кеңінен қозғалды. Жаңа Конституцияның кіріспе бөлімінде еліміздің құндылық бағдарлары мен саяси-құқықтық дамуының ұзақ мерзімге арналған стратегиялық бағыттары айқын көрініс тапқанына баса мән берілді.
«Конституция – мемлекеттің негізгі заңы. Ата заңда мемлекет құрылымы, билік тармақтарының өкілеттігі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, қоғам мен мемлекеттің негізгі қағидаттары бекітіледі. Жаңа Конституция жобасының басты жаңашылдығының қатарына барлық құқықтық нормалардың өзегінде – әділеттілік принципі, Заң мен Тәртіп қағидаты негізге алынғанын көреміз. Адам құқықтарын қорғау, азаматтардың мүдделерін сақтау басты орынға қойылды. Жаңа Конституция жобасы экономикалық, саяси, әлеуметтік және өзге де салаларды әрі қарай дамыту, билік органдарының халықпен өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру, жасампаз қоғам болуымызға жетелейтін құндылықтарды өркендеуіміздің бағдары етіп белгілеу міндеттерін көздейді» деді жаңа Ата заң жобасының озық нормалары жөнінде түсінік берген Қайырбек Ерекенов.
Кездесуге қатысушылар өздерінің көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, конституциялық реформаны, жаңа Конституцияның жобасын қолдайтындықтарын жеткізді.