«Атырау» футбол клубының 100 пайыз үлесін жекешелендіруге шығару туралы шешім қабылданды. Бұл өңір спорты үшін маңызды әрі тарихи қадам саналады, деп хабарлайды AtyrauPress.
Жекешелендіру аясында болашақ инвесторға бірқатар нақты талаптар қойылып отыр. Соның ең бастысы - жеке қаражаты есебінен кемінде 1 млрд теңге жұмсап, заманауи футбол академиясын салу.
Жобаға сәйкес, академия құрамында ашық және жабық футбол алаңдары, медициналық және қалпына келтіру бөлімдері, жаттықтырушылар кабинеттері, сондай-ақ кемінде 50 спортшыға арналған жатақхана болуы тиіс. Құрылыс жұмыстарына үш жыл, ал жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге бір жыл уақыт қарастырылған.
Сонымен қатар клубтың жаңа иесі қолданыстағы инфрақұрылымды тиісті деңгейде ұстап тұруға, қаржылық есептілікті жыл сайын аудиттен өткізіп, мемлекеттік органдарға тұрақты түрде есеп тапсыруға міндетті болады. Үш жыл ішінде клубтың футбол орталығында кемінде 1000 адам жаттығуы тиіс. Бұдан бөлек, негізгі команда құрамына жергілікті футбол мектебінің түлектерін жүйелі түрде тарту талабы қойылған.
- Жекешелендірудің басты мақсаты - клубты бюджеттік тәуелділіктен шығарып, тұрақты қаржылық модельге көшіру. Инвестор барлық талаптарды сапалы орындаса, Атырау өңірінде балалар футболының дамуына үлкен серпін беріледі, - делінген ақпаратта.
Айта кетейік, жекешелендіру шарттарына сәйкес клубтың тарихи атауы, түстері мен эмблемасы сақталады.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ.